Намазсыз азан мен азансыз намаз
Бір күні немересі атасынан:
– Ата, адам өмірі қаншалықты ұзақ?-деп сұрады. Атасы немересінің сауалына риза болды да:
– Оның мөлшері азан мен намаз арасындағы уақытқа сыйып кетеді,-деп жауап берді.
Немересі атасын түсіне алмады:
– Ата, бұл қалай сонда?
– Міне қарашы. Адам өмірі намаз оқылмайтын азан мен азан шақырылмайтын намаз аралығындағы уақыт үзігіне сыйып кетеді.
Немересі онан сайын шатаса түсті:
– Бұл қалай болғаны? Намазсыз азан, азансыз намаз болушы ма еді?
Атасы күлімсіреп былай деді:
– Балам, есіңде ме? Екеуміз өткен аптада көршінің үйіне барып едік қой. Менен нәрестенің құлағына азан шақыруым сұралды. Мен сенің мектептен келгеніңді күттім де, екеуміз бірге бардық. Мінеки, бұл – азаннан кейін намаз оқылмайтын жағдай. Сен өзің куәгер болдың емес пе? Азаннан кейін ешкім намаз оқымады.
– Иә, ата, сен рас айтасың. Бәрі де солай болды,-деген немересі терең ой құшағына енді. Атасы сәл кідірді де жалғастыра берді:
– Енді азансыз намаз туралы айтайық. Бірнеше ай бұрын сенің көкең қайтыс болды. Біз бәріміз жаназа-намазын оқыдық.
– Иә, ата! Бұл да есімде. Жеңгеміз қатты жылап еді, басқалар да жылаған болатын.
– Егер сен назар аударған болсаң, жаназа намазының алдында ешкім де азан шақырған жоқ. Асылында, жақсылап ойланатын болсақ, бұл намаз үшін азан әлдеқашан шақырылып қойған. Сенің көкең дүниеге келгенде оның құлағына бір кісі азан шақырған болатын. Балам, менің не айтқым келгендігін түсіндің бе? Біздің өмірімізі намазы жоқ азанмен басталып, азаны жоқ намазбен аяқталады. Алайда, бұл аяқталу да жаңа бір басталудың бар екендігіне нұсқайды. Бұл – біздің өлімнен кейінгі өміріміз. Сондықтан да, өміріңнің әрбір сәтіне асқан ұқыптылықпен қара! Бір минутыңның бос өтуіне жол берме! Біз бар болғаны азан мен намаз арасындағы өмірдің «кейіпкерлеріміз»....
Бұл – ақсақал мен бүлдіршін арасындағы бірер минуттық сұхбат болса, алты алаштың Абайы адам ғұмырын төрт шумақ өлеңге сыйдыра білді:
«Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойласаңшы бос қақпай елең-селең».